Қаңтар оқиғасы кезінде алған жарақат салдарынан кейбір полиция қызметкерлері мүгедек болып қалды. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Тәртіпсіздіктер барысында 3 мыңнан аса құқық қорғау органдары қызметкерлері және әскери қызметшілер әртүрлі дене жарақатын алды. Оның ішінде оқ тигендер, пышақ жарақатын алғандар және денсаулығына ауыр зардап келгендер бар", – деді Санжар Әділов ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде ауруханаларда қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші емделуде.
"Олардың бір бөлігі осы уақытқа дейін жансақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке қарай бұл қызметкерлер әрі қарай жұмыс істей алмайды, олар мүгедек болып қалған. Қызметкерлер мен әскерилерді қатыгездікпен ұрып-соғудың, әкімшілік және өзге ғимараттарға шабуыл жасаудың кадрлары әлеуметтік желілерде жеткілікті. Олардың басым бөлігін тәртіпсіздіктерге қатысқандардың өздері таратты", – деді Тергеу департаментінің басшысы.
Дәурен Ерболат