Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2022 жылдың маусым-шілде айларында полиция органдарымен бірге заңсыз айналымнан, оның ішінде қаңтар оқиғасында қолды болған қару-жарақтарды анықтау және тәркілеу бойынша бірқатар жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, тығылған қаруларды тапқан, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент және Тараз қалаларында қылмыстық топтар қолға түсіп, олардан 3 тапанша, 2 дана ойық ұңғылы "Сайга" карабині, 2 мылтық, пневматикалық тапанша, винтовка, сондай-ақ 64 дана оқ-дәрі тәркіленген.
Шымкент қаласында Алматыдағы "Kamerad" аңшылық дүкенін тонауға қатысы бар тұрғындар ұсталды. Олардың тұрғылықты жерінен 2 дана ойық ұңғылы "Сайга-12С" карабині, пневматикалық қару және 71 дана оқ-дәрі табылды.
Оған қоса, қала маңынан "Калашников" автоматы, 2 тапанша, аңшы мылтығы, "Ф-1" гранатасы, жарылғыш құрылғыларға арналған 8 детонатор және 43 дана оқ-дәрі жасырылған жер анықталды.
Тараз қаласында 2 "Калашников" автоматы, 10 тапанша, "SHTURM" шабуыл винтовкасы, 3 тегіс ұңғылы мылтық, граната және 476 дана оқ-дәрі жасырылған жерлер табылды.
Алматы облысында жасырын жерден "Калашников" автоматы, 4 тапанша, 8 тегіс ұңғылы мылтық, "шолақ мылтық", 12 граната, 464 дана оқ-дәрі және оптикалақ көздеу құралы табылды.
Талғар ауданының тұрғындары 2 "Калашников" автоматын, тегіс ұңғылы мылтық, "Ф-1" гранатасын және 180 дана оқ-дәріні заңсыз сақтағандары үшін ұсталды.
Оңтүстік астанамыздағы жасырын орыннан 2 "Калашников" автоматы, 2 винчестер, 5 тапанша, 5 тегіс ұңғылы мылтық, "шолақ мылтық", 20 граната және 212 оқ-дәрі алынды.
Шығыс-Қазақстан облысындағы жасырын жерден "ТОЗ" маркалы аңшы мылтығы, 2 "шолақ мылтық" және 13 дана оқ-дәрі алынды.
Ақтөбе облысы тұрғынының жеке автокөлігін тексеру кезінде аңшы мылтығы мен 6 оқ табылып, тәркіленді.
Қызылорда облысы тұрғынынан Алматыдағы "Kamerad" аңшылық дүкенінен ұрланған "Derya" MK-10 винтовкасы алынды.
Түркістан облысында револьвер, тегіс ұңғылы мылтық және граната алынды.
Заңсыз айналымнан барлығы: 68 бірлік қару, 36 граната, 8 жарылғыш құрылғы, 1 529 дана оқ-дәрі алынды.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды іздестіру және алу бойынша шаралар жалғасын табады.