"Қазақстан халқына" ҚҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева Қаңтар кезінде зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
"Қайғылы Қаңтар кезінде көптеген азамат зардап шекті. Өзіміздің ресми сайтымызда ақпаратты беріп отырамыз. Кімге қандай көмек берілгені туралы тізімді жаңартып отырамыз. 2023 жылдың 29 желтоқсанындағы ақпаратқа сәйкес, 705 адамға жалпы сомасы 2 млрд 625 млн теңге берілді. Балалардың мәселесіне келер болсақ, кездейсоқ жарақат алған 13 бала бар. Олардың жеке есепшоттарына 3 млн теңгеден қаржы бөлінген болатын. Қаза тапқан азаматтардың кәмелетке толмаған балалары бар. Әр балаға 2 млн теңгеден бердік", - деді Ләззат Шыңғысбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, бұл балалардың барлық тізімі мен керекті құжаттарын жинап, "Қазақстан халқына" қоры тарапынан эндаумент қоры ашылған.
"Бүгінгі таңда 11-ден астам бала білім гранттарын алып, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқуын бастап кетті. Ай сайын 40 мың теңгеден стипендия алып отыр", - деп толықтырды "Қазақстан халқына" ҚҚ Басқарма Төрағасының орынбасары.
Айта кету керек, осыған дейін "Қазақстан халқына" қорына қай бағыттағы өтініштер көбірек түсетінін жазған болатынбыз.