Биыл қаңтардың алғашқы он күнінде 4 адам жылжымалы құрамның астына түскен. Оның ішінде 2 адамның мерт болғаны анықталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 қаңтарда "Көліктегі қауіпсіздік" акциясы басталған. Акцияның мақсаты – көлік нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу.
"Қаңтардың алғашқы он күнінде теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 1024 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 4 адамның 4 адам жылжымалы құрамның астына түсу дерегі тіркелді. Оның ішінде 2 адам мерт болды. Мәселен, Ақмола облысының "Қара-Адыр" станциясында жүк пойызының машинисі теміржолда бөгде адамның болуына байланысты шұғыл тежеуді қолданды. Тексеру кезінде Ақмола облысының 69 жастағы тұрғынының белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткені анықталды", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Құқық бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Теміржол көлігі нысандарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өтуге тыйым салынғанын ескертеміз. Теміржолдан өту үшін арнайы жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелдерін (туннельдер, көпірлер) пайдалану қажет", -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.