Атап айтқанда, Қазақстанға 2026 жылдың соңына дейін 100 мың тоннаға дейінгі көлемде шикі қант импортына кедендік әкелу бажын нөлдеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара қазақстандық қант зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етуге және ішкі нарықта бағасы қолжетімді қант өндіруге бағытталған.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы қанттың негізгі көлемі қамыс шикізатынан өндіріледі. Бұл ретте қант саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша жаңа қуаттарды қосқанда, өндірісті кезең-кезеңімен әртараптандыру көзделген. Осы процестің ұзақтығын ескере отырып, қамыс шикізатын импорттау саланың тұрақты жұмысының қажетті шарты болмақ.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанға мыс және мыс цементтеу штейні импортының 2,5 мың тоннаға дейінгі жиынтық көлемі кедендік әкелу бажынан босатылады. Шешім шикізат сатып алу шығынын оңтайландыру мен дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен түсті металлургия кәсіпорындарын қолдау мақсатында қабылданған.
Қазақстанда цементтеу мысын “Казцинк” ЖШС өндіреді. Ол осы өнімнің әрі өндірушісі әрі тұтынушысы. Кәсіпорынның мыс және мыс цементтеу штейніне жылдық қажеттілігі шамамен 1,8 мың тонна. Кедендік әкелу бажының мөлшерлемесін нөлдеу фискалдық жүктемені азайту, шығынды азайту есебінен шикізатты сатып алу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанға және ЕАЭО-ның басқа да елдеріне әкелінетін, тоқыма материалдарын, былғарыны, жүнді және химия өнеркәсібінің басқа да материалдарын өңдеуге арналған бірқатар тауарға кедендік әкелу бажын үш жыл мерзімге нөлдеу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар ЕЭК Кеңесінде 2026 жылғы 15 мамырға дейін Қазақстанға шие (500 тонна), өрік (3 мың тонна), шие (1,5 мың тонна), қара өрік (1,5 мың тонна) әкелуді кедендік баждан босату келісілді.
ЕЭК Кеңесінің отырысына қатысушылар АӨК саласындағы бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылық қолдау көрсетуге уағдаласты. Мұндай мүмкіндікке ЕАЭО құқығына қажетті түзету енгізілгеннен кейін ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қол жеткізе алады.