Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасы: Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяға ұшып кетті

433

Төртінші қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында өтеді.

Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасы: Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяға ұшып кетті Фото: ҰОК баспасөз қызметі

Бүгін Астанада Қазақстан құрамасын 19 қаңтар күні Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында басталатын IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиынға конькимен жүгіруден, шорт-тректен, шаңғымен жарысудан және биатлоннан құрама команда, хоккей құрамасы, кёрлинг сондай-ақ, бапкерлер мен дәрігерлер, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитет пен ҚР Спорт және туризм министрлігінің өкілдері қатысты. 

Салтанатты іс-шарада Қазақстанның туын он жеті жастағы шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан мен конкьимен жүгіруден құрама мүшесі Кристина Шумековаға табыстау рәсімі өтті. Ерасыл мен Кристина "Ұлттар шеруінде" еліміздің көк байрағын алып шығу зор мәртебе екенін тағы да еске салып өтті. 

"Еліміздің байрағын көтеріп шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл халық алдындағы жауапкершілік қана емес, елдегі бірлік пен қолдаудың үлгісі. Біз жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз", - деді Ерасыл Шыңғысхан. 

Қазақстанның спорттық делегациясы құрамында бес спорт түрі (9 дисциплина) бойынша сынға түсетін 41 спортшы бар. Атап айтар болсақ, отандық жас атлеттер биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы және фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды. Ұлттық құрамадағы спортшылардың басым бөлігі олимпиадалық деңгейдегі ірі жарысқа алғаш рет қатысып отыр. 

"Жарыс алдында қандай да бір қобалжу жоқ, есесіне, жеңіске деген жігер бар. Біз әрқашан бір-бірімізге демеу болатын тұтас командамыз.  Биатлонда әрбір секунд маңызды, сондықтан жетістікке жету әрқайсымызға тікелей байланысты екенін түсінеміз. Жарысқа қатысып қана қоймай, ортақ мақсатымызға – жеңіске бірге жетеміз деген ойдамын", - деді биатлоншы Ілияс Хасен. 

"Жасөспірімдер Олимпиадасының мақсаты екі нәрсеге негізделген: біріншісі – олимпиадалық құндылықтармен, олимпиада миссиясы және адами қарым-қатынастармен тереңірек танысы, екіншісі – қысқы Олимпиада ойындарына жол ашу. Бұл тұрғыда 2026 жылғы Милан-Кортинаны мысалға аламыз. Мәселен, 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада жасөспірімдер Олимпиадасының 341 қатысушысы бақ сынады. Олардың 53-і жүлдеге ілікті. Оның ішінде 24 атлет алтын медаль алған. Осындай спортшылардың қатарында тұруға сіздердің де күштеріңіз жетеді. Ең маңызды жарыс алдында сіздерге тек сәттілік тілеймін", - деді Канвон -2024 миссиясының жетекшісі, Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов. 

Төртінші қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында өтеді. Екі апта бойы 50 елден келген 1500-ден аса спортшы жеті спорт түрі (15 дисциплина) бойнша 81 жүлде жиынтығын сарапқа салады. 

Айта кетейік, Канвон-2024 жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары 19 қаңтарда ашылады және 1 ақпанға дейін Пхенчхан 2018 қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында өтеді. 

Оңтүстік Кореядағы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына әлемнің 50 елінен 1800 спортшы қатысады деп жоспарланған. Жеті спорт түрінен (15 пән) 81 медаль жиынтығы ойнатылады. Қазақстанның спорт делегациясы құрамында спорттың бес түрінен 42 спортшы бар.

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Жалпы, еліміз үш қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысып, екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) 1990 жылдың 3 ақпанында құрылып, 1993 жылдың қыркүйек айында Халықаралық Олимпиадалық комитеті тарапынан ресми түрде танылды.

ҚР ҰОК дербес, тәуелсіз қоғамдық ұйым болып табылады. Өз қызметін жүзеге асыру барысында ҚР ҰОК Олимпиадалық Хартия, Қазақстан Республикасы Заңдары мен ҚР ҰОК Жарғысын негізге алады. Қазақстан Республикасы аумағында Олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Олимпиадалық құндылықтарды насихаттау - ҚР ҰОК миссиясы болып табылады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу