Капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтетін заң мақұлданды

457

Нарықтық диапазонды анықтау тетігі енгізіледі. 

Капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтетін заң мақұлданды Фото: inbusiness.kz

Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор Бекболат Орынбековтің сөзінше, заң трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнаманы жетілдіру мен тиімділігін арттыруға, капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейтуге бағытталған.  

"Заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мысалға, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай халықаралық мәмілелердің сипатын ескере отырып, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталатын болады. Салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді", - деді депутат.

Келесі бағыт – нарықтық диапазонды анықтау тетігін енгізу.

Халық қалаулысы бүгінде баға диапазоны мен рентабельділік нарықтық бағаның минималды және максималды мәндерімен айқындалатынын айтты. 

"Ол нақты бағада көрсетілмеуі мүмкін. Осылайша неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылады. Енгізілетін жаңа диапазон статистикалық ауытқуларды қамтымайтын болады. Мысалы, егер экспортталатын 1 тонна көмір құнын анықтаған кезде, баға ауқымындағы мәндер 10, 45, 46, 47, 48 долларды құраса, ауқымдағы статистикалық ауытқу бағасы 10 доллар болады. Бұл баға мәні нарықтық баға диапазонында болмайды. Осындай әдіс халықаралық практикаға сәйкес келеді. Жалпы 48 елде, соның ішінде АҚШ, Франция, Ұлыбритания сияқты дамыған мемлекеттерде қолданылады", - деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу