АҚШ-та қаңтар айында Капитолий аумағындағы тәртіпсіздіктердің куәсі болған Гюнтер Хашид есімді тағы бір полиция қызметкері өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Inbusiness.kz CNN арнасына сілтеме жасап.
Колумбия округінің орталық полиция департаменті Хашидтің қайтыс болғанын растады.
Бұған дейін Конгрес мәжілісі өтетін үйге баса-көктеп кіргендерді тарату жұмыстарына қатысқан екі тәртіп сақшысы осындай қадамға барған еді. Олар – Вашингтон полициясы мен Капитолий полициясында жұмыс істеген офицерлер Джеффри Смит пен Ховард Либенгуд. Брайан Сикник есімді тағы бір қызметкер тәртіпсіздік кезінде алған жарақаттардан қаза тапты.
Қарашада өткен сайлау нәтижелеріне наразы топ, яғни АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың жақтастары 6 қаңтарда Капитолий ғимаратына баса-көктеп кіріп, Сенат залын қоршап алған болатын. Сенат пен Өкілдер палатасы сайлаудың нәтижелерін бекітуге қатысы бар отырысты тоқтатты. Тәртіпсіздік кезінде ондаған адам қамауға алынып, бес адам көз жұмды.
Табиғат Нұрболат