Қапияда көз жұмған Қаныш Нұртазиновтың денесі туған жеріне жерленді

1067

Бүгін Жезқазған жұртшылығы браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Қаныш Нұртазиновты соңғы сапарға шығарып салды.

Қапияда көз жұмған Қаныш Нұртазиновтың денесі туған жеріне жерленді

Қарақшының оғынан ажал құшқан табиғат қорғаушысымен қоштасуға қарақұрым халық жиналды. Қанышты ақтық сапарға шығарып салу кезінде жиналған қауым оның әділет пен заңды әрдайым алға қойған ержүрек жан болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Елбасы мен Президент атынан, барлық қазақстандықтар атынан Қаныш Нұртазиновтың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Мемлекет басшысы осы қайғылы оқиғаны естіген бетте қылмыстық істі жеке бақылауға алып, ішкі істер министріне тиісті тапсырмалар берді. Қаныш бізге Отанға деген адалдық, қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлық үлгісін көрсетті. Біз экология министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге осы қайғыны бөлісіп, демеу үшін келдік", – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаныш Нұртазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Президент атынан ҚР экология министрі Қарағанды облысы әкімімен бірге қаза болған қорықшының отбасына мемлекеттік награданы табыс етті.

Марқұм инспектордың отбасы материалдық көмек алады. Ерлан Қошанов сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша батырдың ерлігі мәңгі есте қалатынын айтты. Ұлытау ауданындағы көшелердің біріне Қаныш Нұртазиновтың есімі беріледі.

Марқұм қорықшы 43 жаста еді. Әскерден кейін құқықтық білім алып, өз өмірін тәртіп саласымен байланыстырған. Бірнеше жыл туған ауылында учаскелік инспектор болып жұмыс істеді. Үш жыл бұрын ішкі істер органдарынан отставкаға шыққаннан кейін табиғат қорғау қызметіне ауысқан.

Қоштасу рәсімінен кейін бақилық болған қорықшының денесі туған жеріне жерленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу