Қапшағайда балық шабақтарының қырылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды

650

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясына балық шабақтарының қырылу себептерін анықтау бойынша құзыретті және мүдделі органдар енгізілген Біріккен штаб құру туралы тапсырма берді.   

Қапшағайда балық шабақтарының қырылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды Фото: Видеодан скриншот

Қапшағай су қоймасында қырылған балық шабақтарының жалпы салмағы 1232 килограмды құрады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz ведомство сайтына сілтеме жасап.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, 2 қарашада "Instagram" желісінде балық шабақтарының қырылуы туралы бейнежазба жарияланған.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда Қонаев қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Алматы облысы бойынша экология департаменті, "Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС, "Қазгидромет" РМК балық шабақтарының қырылу себептерін анықтау үшін тиісті зерттеулер жүргізіп жатыр. Гидрохимиялық талдау нәтижелері 3 күннен кейін, ал токсикологиялық және ихтиопатологиялық талдау нәтижесі 1 айдан кейін шығатын көрінеді.

"2-3 қарашада Лев горы ауданында Қапшағай су қоймасының 11 балық шаруашылығы учаскесінде Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы және "Айна Су" ЖШС қорықшылық қызметі қызметкерлерінің күшімен санитарлық нормаларды сақтай отырып, одан әрі жоюды жүргізу арқылы қырылған балық шабақтарын жинау жүргізілді. Сонымен бірге, қырылған балық шабақтарының жалпы салмағы 1232 кг құрады (қаракөз балығының сеголеткалары)", – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 328-бабының белгілері бойынша ("Жер үсті немесе жер асты суларының, мұздықтардың, ауыз сумен жабдықтау көздерінің ластануы, бітелуі, сарқылуы не егер бұл елеулі экологиялық залал келтіруге немесе адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқтырса немесе әкеп соқтырса, олардың табиғи қасиеттерінің өзге де өзгеруі") қылмыстық іс қозғалған.

Бұдан бөлек балық ресурстарына келтірілген залал есебі де жүргізіліп жатыр. Ақпаратта су қоймасы мен оның жағалау белдеуінің акваторияларына мониторинг жүргізу жалғасып жатқаны туралы айтылады. Айта кету керек, осыған дейін құзырлы мекеме органдары қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы балық шабақтары қырылған жерге шыққан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу