Алматы облысының құтқарушылары Қапшағай су қоймасының жағалауында құмға көлігімен батып қалған отбасы мүшелерін құтқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz .
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 маусым күні түнгі сағат 22:50-де ТЖД-ның кезекші бөліміне Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында, "Алтын құм" демалыс базасында ішінде адамдары бар көліктің құмға батып қалғаны туралы хабарлама түседі.
Оқиға орнына жеткен Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары "Chevrolet Nexia" маркалы автокөліктің құмға батып қалғанын анықтады. Ішінде жағалауға демалуға келген ерлі-зайыпты мен бір жасар сәбиі болған. Сағат 23:50-де құтқарушылардың күшімен автокөлік негізгі жолға шығарылды. Адамдар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ, үйлеріне аман-есен кайтты", - делінген Алматы облысы ТЖД хабарламасында.