Қаптаған спорттық федерацияға қаржы құю қашан тоқтайды?

Спорт саласында олқылық көп, үйлесім жоқ. 

Қаптаған спорттық федерацияға қаржы құю қашан тоқтайды? Фото: Runa Sport

Бұған соңғы Токио мен Париждегі олимпиада ойындары мысал бола алады. 

Бір ғана "Астана" футбол клубына "Самрұқ-Қазына" АҚ тарапынан сансыз қаржы жұмсалып келеді.

Жауаптылар саланы дамытумен емес, бюджеттен бөлінген миллиардтарды игерумен әлек. Мұндай пікірді Жолдауда ел Президенті де айтқан болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Шыны керек, ел аумағандағы спорттық федерациялардың санына жетіп болмайсың. Республикалық және өңірлік аккредиттелген спорт федерацияларының тізімі "Ашық деректер порталында" жарияланған. Онда аты мүлде таныс емес федерациялар да толып жүр. Пилондағы спорт, пенчак силат, ушу, тағысын тағы. Тиісінше, оларға қаржы да бөлінеді. 
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінен мәселенің мән-жайын сұрап хат жолдаған едік, олар түйінді былайша тарқатты.

– Белбеу күресі және спорттық балық аулау "В" тобында, ал пилондағы спорт, пенчак силат, ушу "С" тобында болғандықтан республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 2024 жылы Дирекция есебінен қаражат қарастырылған.

Пилондағы спорт – 374 700 теңге бөлінді, 1 Қазақстан Республикасының чемпионаты.

Пенчак силат – 3 587 770 теңге бөлінді, 3 республикалық және 1 халықаралық жарыс.

Ушу – 3 542 112 теңге бөлінді, 3 республикалық жарыс.

Спорттық балық аулау спорт түріне қаражат қарастырылмаған. Сонымен қатар, татардың белбеу күресі (корэш) спорт түрі ҚР аумағында аккредиттелмеген, – деді комитеттегілер.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі №216 бұйрығымен бекітілген спорт түрлерін саралау қағидалары әрбір соңғы күнтізбелік екі жыл үшін республикалық деңгейде – спорт түрлерінен аккредиттелген республикалық немесе өңірлік спорт федерациялары, өңірлік деңгейде – спорт түрлерінен аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары жүзеге асырады. Осы қағидалар бойынша үш топқа бөлінеді:

"А" тобы – саралау қорытындылары бойынша ең жоғары балл жинаған дамыған спорт түрлері;

"В" тобы – саралау қорытындылары бойынша орташа балл жинаған, әлеуетке ие спорт түрлері;

"С" тобы – саралау қорытындылары бойынша төмен балл жинаған, төмен әлеуетке ие спорт түрлері.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі елдегі спорт федерациялардың санын, қызметін және "Астана" футбол клубына бөлінген қаржы туралы жауап қатты. 

– Қазақстан Республикасы аумағында жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша аккредиттелген 30 спорттық федерация, қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша аккредиттелген 6 спорттық федерация, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша аккредиттелген 67 спорттық федерация бар, – деді министрлік.

Сондай-ақ, "Астана" футбол клубы" жеке клубының ақпаратына сәйкес, "Самрұқ-Қазына" АҚ тарапынан легионерлерге 2020 жылы 3 574 626 888 теңге, 2021 жылы 3 766 460 266 теңге, 2022 жылы 1 824 428 244 теңге, 2023 жылы 2 168 352 776 теңге қаражат бөлінгені белгілі болды. 

Елдің спорт саласында жемқорлық оқиғалары көп кездеседі, ол жасыратын оқиға емес. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптылардың "бозда ойнап жүргенін", ел спортына жанашырлық керегін айтқан-ды. 

– Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!", – деген болатын Президент.

Елімізде қажетсіз спорт федерациялары жыл сайын көбейіп келеді. Оның тізімінде ресми тіркелгені мен тіркелмегені тағы бар. Қомақты қаржы қаралғаны да, соқыр тиын төленбегені де табылар. Сол секілді ТОП-10 әрі олимпиадалық спортқа енетін бокс, күрес түрлері, футбол, ауыр атлетика, т.б. секілді спорттарға бөлінетін қаржыда есеп жоқ, нәтиже де көп болмай отыр. Қаптаған спорттық федерацияға қаржы құю қашан тоқтайтыны да белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу