Қар құрсауында қалып қойған 77 адам құтқарылды

1179

59 техника қардан шығарылған. 

Қар құрсауында қалып қойған 77 адам құтқарылды

Қазақстанда демалыс күндері қар құрсауында қалып қойған 77 адам құтқарылды. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, демалыс күндері Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстарындағы облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда қар құрсауынан 77 адам шығарылған. Оның ішінде 4 бала бар.

"6 ақпанда Созақ ауданы Шолаққорған ауылынан 135 шақырым жерде "Ұланбел-Созақ-Екпінді" облыстық маңызы бар жолының жабық учаскесінің 577-642 шақырымында жолаушылар отырған 53 көлік қар құрсауында қалды Түркістан облысы ТЖД құтқарушылары 53 көлікті қар құрсауынан шығарып, 23 адамды Жартытөбе ауылындағы Тастемірсай жылыту бекетіне жеткізді", – деді ресми өкіл.

Сондай-ақ Талғат Уәли ТЖД қызметкерлері 19 адамды құтқарғанын атап өтті.

"Жамбыл облысы ТЖД құтқарушылары Жуалы ауданы "Алматы-Ташкент" автожолының 587-593 шақырымында тоқтап қалған көліктерден 19 адамды, оның ішінде 4 баланы Шақпақ ата мен Момышұлы ауылдарының жылыту пункттеріне жеткізді", – деді ТЖМ ресми өкілі.

Оның айтуынша, кешкі сағат 20.47-де Жаңатас қаласынан 20 шақырым жерде көлігі бұзылған 6 жолаушы қалаға жеткізілген.

"Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан 33 шақырым жерде 3 жолаушы отырған "Нива" көлігі қар құрсауында қалды. Оқиға орнына арнайы техникамен келген Шығыс Қазақстан облысы ТЖД құтқарушылары көлікті жолдың тазартылған учаскесіне шығарды", – деді Талғат Уәли.

Ол түнгі сағат 03.45-те құтқарушылар Қостанай облысы Амангелді ауданы Кемер ауылынан 5 шақырым жерде қар құрсауында қалып қойған 4 жеңіл көлікті жолға шығарып, жақын маңдағы елді мекенге дейін жеткізіп салғанын айтты. Көлікте 20 жолаушы болған.

"Түскі сағат 13.00-де Қамысты ауданы Свободное ауылы маңында Қостанай облысы ТЖД құтқарушылары бұзылған көліктегі 6 адамды, оның ішінде жүкті әйел елді мекенге жеткізді. Ауылдық округ әкімдігі құтқарылғандарға ыстық тамақ беріп, көліктерін жанар-жағармаймен толтырды", – деді ресми өкіл.

Жолаушыларды құтқаруға 27 маман мен 7 техника жұмылдырылды. ТЖМ қазақстандықтарды алыс жолға шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес берді, әрі құтқару қызметінің бірыңғай телефоны 112 екенін еске салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу