Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы шағын баспананың қазір тек қаңқасы қалған. Соғыс трагедиясында қос ұлын сарыла күткен ананың мұрасын көзкөргендер мен тарихшылар сақтап қалуды сұрайды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Ал ескерткіш ашып, аллея салған жергілікті билік неліктен тарихи мұраға зейін салмай келген?
Қос ұлын соғыстан сарғая тосқан Қали әже Әділбек Кәріпқұловтың еміс-еміс есінде. Өмірінің соңғы 4 жылын кейуана осында жалғыз өткерген дейді. Майданнан ұрпағы келер деп, қиранды үйдің әр бұрышына тапқан-таянғанын тыққан көрінеді.
"Жексенқұл, Қосшықұлым келсе соларға деп жинап жүрмін деп, малдарымен сөйлесіп осы жерде жүріп өмірі өтті ғой. Апаны енді көрсең, сондай жаның ашитындай кейіпте еді. Мына шаш таралмаған. Аппақ самай. Үстіндегі қара шекпен. "Ойбой Қали болмай қалыпты, пәлен түген", деген соң. Ағайын болып, ел болып, жұрт болып, біреуі 5-10 күн бағып, тағы бірі 5-10 күн бағып жатып осы елдің қолында қайтыс болды", - дейді Қызылсай ауылының тұрғыны Әділбек Кәріпқұлов.
Қара кемпірдің қарт шағын ауылдағы қараша көрді. 2 ұлы шейіт болды дегенді естіген әже, өмірден тіпті күдер үзіпті. Бірақ бұқара балаларының жоғын білдіртпей, арулап өздері жерлеген. Мына апатты үйді де жұрт асарлатып салған. Бірақ қазіргі қалпы қорқынышты. Іргесі сөгіліп, шатыр ұшқан, қабырғалар да жарылған күйі жатыр. Ал, күре жолдың бойында қара кемпірге арналған ескерткіш менмұңдалайды. Тіпті, Тараздың өзінде Қали әженің сұлбасы "Даңқ" залында тұр.
"Музей үйі болып ашылған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені есті жас ұрпаққа, өскелең ұрпақ біліп жүруі тиіс. Қаншама ана баласыз қалды, қаншама әйел жесір қалды. Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанып, оның 400 мыңдай адамы қайтып оралмаған", - дейді "Данқ" залының ғылыми қызметкері Жанат Тоқпанбетова.
Сұм соғысқа қарғыс айтқан ана образы талай рет театрда сахналанды. Біршама ән тарту етілді. Жұрт жадында "қара кемпір" атанғаны сондықтан. Тіпті ескі үйді көру үшін өзге қаладан келетіндер біршама дейді ауылдықтар. Ал Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі "бұзылған ғимаратқа бюджеттен қаржы қаралмайды", деп ашығын айтты. Бірақ қайта қалпына келтіруге уәде берді.
"Тек қана бұл демеушілердің көмегімен жасалынатын нәрсе. Аудандағы техникалық қадағалаушылар келіп бұл үйдің жағдайын көріп танысқан. Енді үй апатты жағдайда болуына байланысты қайтадан бұзып, орнына тура осы қалыпта салып сыртын макетпен қоршасақ деген жоспарымыз бар", - дейді СНХ: Мерей Рамаданов Жаңатоған ауылының әкімі
Қазір нысан эскизі әзір. Әкімдік "үй маңы толық абаттандырылады" дейді. Одан өзге үйден табылған дәлелді жәдігерлер қойылуы тиіс. Соғыс заманынан қалған жиһазбен тұрмыстық бұйымдар баспана ішінен табылмақ. Ал әзірге әйгілі "Қара кемпір" әніндегідей мына қу үй қыстай болып тұр.