"Қара жәшікті" оқуға қанша күн кететіні анықталды

Ұшақтың бөлшектерін жинастыру мен құрастыру біраз уақытты алады. 

"Қара жәшікті" оқуға қанша күн кететіні анықталды Фото: ТЖМ

Ал, "қара жәшікті" оқу неше күнге созылатынын Қазақстанның Құрметті авиаторы, авиация инженері Ерғазы Жолдасов айтып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұған дейін Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде құлаған Embraer ұшағының "қара жәшігін" Бразилияның CENIPA орталығына тапсыру туралы шешім шыққан еді.

Авиация инженері Ерғазы Жолдасовтың айтуынша, "қара жәшіктің" қызметі де осы – ұшақ апаты туралы нақтыланбаған біраз сұраққа жауап беру. 

– "Қара жәшікті" оқу – өте маңызды. Өйткені, апатқа байланысты көпті толғандырған барлық сұраққа нақты жауапты сол жерден ғана табуға болады. Қара жәшіктің маңызы да, ұшақтағы қызметі де – сол. Оны нақты пысықтап, комиссия мүшелері бірігіп ашып, тыңдауы керек. "Қара жәшікті" ашқан кезде осы апатқа қатысы бар елдердің бәрінің өкілдері, ICAO өкілдері қатысқаны жөн. "Қара жәшік бұзылмаса, сынбаса немесе жарылмаса ақпаратын оқу көпке созылмауы керек, бір айда шешілуі мүмкін. Бірақ, қара жәшіктен мәлімет алған соң бір ангарға ұшақтың бөлшектерін жинастырып, моделін қайта құрастырады. Осы жұмыс біраз уақыт алуы мүмкін. Осыдан кейін ғана қорытынды шығарады, – дейді ол.

Маман "қара жәшікті" ашу жұмысын бразилиялық орталыққа тапсырғанды қолдайды. Әйтпесе, оны оқитын орталық Ресейде де бар көрінеді. 

– Бұл сұраққа мен ешқандай саяси астарды қарастырмай, авиация инженері ретінде ғана жауап бере аламын. "Қара жәшікті" Бразилия орталығында қарастыруы комиссия мүшелерінің ортақ шешімге келгені болуы керек. Бұл – Қазақстан тарапынан дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, ұшаққа сырттан болған қақтығыс нұсқасын қарастыратын болса, Бразилия – ұшақты құрастырушы мемлекет. Өзім Бразилиядағы орталықтың тәжірибелі екенін білгендіктен, әділетті зерттеу жүргізеді деп сенемін. Олар ұшақтың толығымен қалай жұмыс істегеніне объективті баға бере алады деп ойлаймын. Бұрмалап басқаша шешім шығару өздеріне кері әсерін тигізеді. Өйткені, "Қара жәшікті" оқитын институт Ресейде де бар, – дейді Ерғазы Жолдасов.

Еске салайық, ИКАО ұсынымдарын ескеріп және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу