Қарабатандағы көлшіктің мән-жайы тексерілуде

2353

Оған жауапты мекеме қажетті мәліметтер мен құжаттарды бермей отыр. 

Қарабатандағы көлшіктің мән-жайы тексерілуде

Атырау облыстық экология департаменті қалаға жақын жердегі Қарабатан газ-химия кешеніндегі қыстың қақаған суығында да қатпай, бұрқ-сарқ қайнап жататын жасанды көлшікке байланысты хабарлама жасады.

"Аталған мәселе Департаменттің назарынан тыс қалған емес. Бұл дерек бойынша бұған дейін "Karabatan Utility Solutions" ЖШС-ға жоспардан тыс тексеріс тағайындалып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Алайда, тексеріс кезінде қажетті ақпараттар мен құжаттар ұсынылмай кедергі келтірілуі себепті, заңды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБК-нің 462- бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, Атырау қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды",  деп мәлімдеді экология департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, өндірістік кешендегі қолдан пайда болған "ыстық" су кешенін "Атамекен Эко" қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин 2020 жылдың 2 желтоқсан күні видеоға түсіріп, аталған департаментке жолдаған. Қоғам белсендісі әдепкіде "шу тудырмайын" деп әліптің артын баққанмен, кейін әлеуметтік желіде жариялап, халықтың назарын аударуға тура келеді.

"Бұл жерде заңдарды қарай келе, бірнеше заң бұзушылық әрекеттерді көрдім, атап айтқанда, Экологиялық кодекстің 225, 69, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 325, 328 - баптары бұзылып отыр. Өндірістік суды бұлай жібермес бұрын тиесілі мекемелерден рұқсат алынып, ол топырақ қабатына сіңіп, бүлдірмейтіндей жолдары қарастырылуы тиіс, бұл шарттар орындалмаған. Әзірге оған мұнай қалдықтары төгілмейтіні белгілі болып отыр, ал құрамында қандай элементтер барын және олардың мөлшерін лабораториялық зерттеулер анықтайды",  дейді А.Хайруллин.  

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу