Мемлекеттік сатып алу порталында Қарағанды қаласы әкімдігі мамандарының қымбат бағаға сауда жасағысы келетіндігі туралы ақпарат шықты.
Мұнда шенеуніктер 6 дана автомобиль жапқышын 2 млн 900 мың теңгеге сатып алатындығы туралы лот жариялаған болатын. Сонда көлік қаптайтын тыстың әр данасының бағасы бес жүз мың теңгеге жуықтап отыр.
Бұл лот дау туғызған соң, Қазыбек би аудандық прокуратурасы Қарағанды қаласы әкімдігі бағаны жоғарылатып жібергендіктен сатып алу рәсімі тоқтатылады деп мәлімдеді.
Негізінен автокөлік жапқыштарының нарықтағы бағасы шамамен 30 мыңнан басталып 100 мың теңгеге дейін жетеді.
"Анықталған заңбұзушылық фактісі бойынша жауапты лауазымды тұлғалар қала әкімі аппаратының қаржы және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы мен бас маманы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын. Бүгінде автомобиль жапқыштарын тігу жұмыстарына қатысты жарияланған лот тоқтатылды", – деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Арайлым Еркебаева