Қарағанды әкімінің экс-орынбасары екі жылға сотталды

507

Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков екі жылға сотталды.  

Қарағанды әкімінің экс-орынбасары екі жылға сотталды Фото: gov.kz

Ол қызметін асыра пайдалынып, баспана құрылысына бөлінген 120 миллион теңгені талан-таражға салған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Экс-шенеуніктің тергеу абақтысында отырған уақыты ескеріліп, колонияда үш ай отыратын болды.

Жақсылық Шалабеков екі жылдың ішінде бір іс бойынша екі рет сотталып отыр. Алғашқысында ол бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін "кінәлі" деп танылған. Тұрғын үй құрылысына бөлінген ақшадан 120 миллион теңгені құрылыс компаниясына заңсыз аударып жібергені үшін ол бір жарым жылға сотталды.

Экс-шенеуніктің тергеу абақтысында отырған уақыты ескеріліп, түрмеде алты күн отырып шыққан еді. Прокуратураның араласуымен Жоғарғы сот бұл шешімнің күшін жойып, іс қайта тергелген.

Бұл жолы іс қызметін асыра пайдалану бабы бойынша жүрді. Сотталушы өзі үкіммен келіспей, өзін бақталастардың құрбаны болдым деп санайды. Оның айтуынша, құрылыс компаниясына жұмысты бастау үшін аванс төлеу - қалыпты тәжірибе. Ол қаражатты аудару шешімін "мен емес, комиссия қабылдады" дейді. Ал тергеу кесірінен баспана сол күйі салынбай қалған.

"Осы тергеуді өткізген мекеме ешқандай бөгет жасамағанда бұл күні сол үйлер тұрғызылатын еді. Кім тапсырғанын білемін, бірақ мен сіздерге оның кім екенін айта алмаймын. Бірақ өз уақытымен бәрінің беті ашылады ғой. Оны кім тапсырғанын білемін, ол адамдар әлі күнге дейін осы қызметін атқарып жатыр", - деді айыпталушы Жақсылық Шалабеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу