Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды әуежайы жабылды, деп хабарлады ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
24-желтоқсан күні ауа райының бұзылуына байланысты Қарағанды қаласының әуежайы жергілікті уақыт бойынша сағат 11.00-де жабылды. Желтоқсанның 24-і күні таңертең жаңбырдан кейін әуежайдың ұшу-қону жолағына мұз қатты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 24-желтоқсаннан қазіргі уақытқа дейін ішкі және халықаралық рейстер кейінге шегерілді және тоқтатылды. Әуежай қызметі мұзды кетіру үшін 11 тонна реагент пайдаланды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта әуежай қызметкерлері мұзды қол күшімен кетіру үшін жеке құрамды жұмылдырды. Жауын-шашын мен қатты соққан жел жағдайды күрделендіріп тұр. Жолаушыларға ұшуды жоспарлаған әуе компанияларының байланыс нөмірлеріне хабарласып, рейстердің жағдайын алдын-ала анықтап алу ұсынылады.