Қарағанды Балқаш жолының құрылысын қытайлық фирма жалғастырады

962

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жол құрылысына қатысты Үкіметке  шағым білдіретінін мәлімдеді.  

Қарағанды Балқаш жолының құрылысын қытайлық фирма жалғастырады

Қарағанды-Балқаш тас жолындағы 4 жолақты жолдың құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып, көлік жүргізушілерін әбден қажытты. Жол құрылысының  салынып жатқанына үш жыл болса да мердігер  жұмыстың тек 45 пайызын ғана аяқтаған. Осы жыл басталғалы жолдың құрылыс жұмыстарына ешкім кіріспеген. Тек "ҚазАвтоЖол" компаниясының өңірдегі басшылары 31 мамырда ғана биылғы жұмыстың басталғанын мәлімдеген болатын. Мердігер жұмысты тоқтатып қойып, ойланып жүргенде қараша халық айналма жолдың ой-шұңқырымен шаңынан қажып бірнеше рет билікке шағым білдірді.

"Айналма жолдың ой-шұңқыры көп, өзі тар кейде шаңнан түк көрінбей кетеді. Бұл жолмен тауар таситын камаздар ағылып жатады. Талай адамның өмірі қиылған жол апаты болды. Мердігерлерге рахат шығар, қыруар ақшаға жол салып жатыр, арасында жұмыстарын тоқтатып қояды. Ал біз жүрміз шаңға тұншығып", - дейді Балқаш қаласының тұрғыны Сағын Әкімов.

Бұл жол құрылысының жобасы 2016-2017 жылы жасалған. Сол кезде бұл жоба құны 248 миллиард теңге болады деп есептелген. Жылда бюджеттен қаражат бөлініп отырған. Алайда былтырғы жылы құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты бас мердігер бюджетке түзету енгізуді сұраған. Түзету енгізілген соң мамыр айының соңында жұмыс қайта жанданған. Дегенмен үш жылдың ішінде мердігердің жасаған жұмысы баяу, жөндеу жұмыстарының созылып кетуі  көлік жүргізушілері мен жолаушыларды әбден титықтатқан.

 "Жұмыс өте төмен деңгейде жүргізілуде. Былтырғы жылы бөлінген қаражатты игерген жоқсыздар, алдыңғы жылы да солай болды. Биыл сіздерге аз қаржыландыру қарастырылды. Осындай қарқынмен сіздер алысқа бармайсыздар. Маған сіздердің басшылықтарыңызға және Үкімет басшысына шағымдануыма тура келеді. Бізге бұл жұмыстар ұнамайды. Биылғы жылы қыркүйекке дейін жолды ашуға міндеттісіздер. Қарағанды-Балқаш жобасын созып алдыңыздар, биыл  жұмысты кеш бастадыңыздар. Жолдың 4 жолағы бойынша жұмысты сіздер былтыр аяқтау керек едіңіздер", - деп  Жеңіс Қасымбек аппараттық жиналыста "ҚазАвтоЖол" компаниясының өңірдегі басшыларын сынға алған болатын.

Осыдан кейін Қарағанды-Балқаш тас жолын салатын мердігерлерге қатысты өзгерту болды. Республикалық маңызы бар бұл жолдың құрылысын  "CITIC Construction Co LTD" және "БК ҚазГерСтрой" ЖШС бас мердігер ретінде салып келген болатын. Алайда Қазақстандық мердігер жұмысты кестеге сай өз уақытында атқармаған. Енді жыл басынан бері жол - құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуына байланысты қазақстандық мердігермен келісім шарт бұзылған.  "ҚазАвтоЖол" компаниясының мәліметінше енді жол құрылысы жұмыстарын әрі қарай қытайлық фирма отандық субмердігер ұйымдармен бірлесіп жасайтын болады. Биылғы жылы жол құрылысы жұмыстарының жобасына 77 млрд теңге бөлінген. Қарағанды-Балқаш тас жолының құрылысын 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.

Арайлым Еркебаева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу