Қарағанды хайуанаттар бағында биыл сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген жануарлар төлдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейбір жануарлар мұнда алғаш рет ұрпақ өрбіткен.
Төлдердің қатарында бес айдан асқан амур жолбарыстарының Муфаса мен Киара атты күшіктері бар. Қазір олар анасымен бірге мекендеп, тіршілікке қажетті дағдыларды үйреніп жүр.

Сонымен қатар қазақ жылқылары, түйелер мен понилер екі-екіден төлдеді. Қызыл кітапқа енген нахурлардан, яғни көк қойлардан да төл алынды. Бұдан бөлек, альпака, бұрандалы мүйізді ешкі де лақтады.

Тағы бір маңызды оқиға – сирек кездесетін маймыл түрлерінің өкілі мангобей мен екі ойынпаздың дүниеге келуі.

Хайуанаттар бағында төрт елік, екі як, жеті камерун ешкісі, оннан астам ешкі және 12 қозы дүниеге келген.

Алайда биылғы ең айтулы жаңалықтардың бірі – көк ара тотықұстарының балапан шығаруы. Бұл Қарағанды хайуанаттар бағының тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. Үш жылдан астам уақыт бірге мекендеген жұптан туған балапанның жасы шамамен үш ай. Оның жағдайы жақсы, ата-анасының қамқорлығында өсіп жатыр.
Мамандар биыл көк араларды кең жазғы қоршауға көшірген. Соның арқасында құстардың қозғалып, тынығуына арналған кеңістік ұлғайған. Хайуанаттар бағы басшылығы жағдайдың жақсаруы құстардың алғаш рет балапан шығаруына ықпал еткен факторлардың бірі болуы мүмкін екенін атап өтті.

Қазір хайуанаттар бағында басқа да қоршауларды жаңартып, жануарлардың ұстау және азықтандыру жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жұп қалыптастыруға көңіл бөлініп жатыр.
– Жануарлардың төлдеуі өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінетінінің көрсеткіші. Бұл олардың қандай жағдайда ұсталып, қалай азықтандырылатынын ғана емес, биологтарымыздың жануарларға деген қарым-қатынасын да көрсетеді. Сонымен қатар жұп қалыптастыруға да жауаптымыз. Бұл оңай жұмыс емес. Мысалы, сол көк қойларға алдымен ұрғашысын сатып алдық, кейін ұзақ уақыт бойы еркегін іздедік. Жалпы, хайуанаттар бағының басшысы ретінде жануардың бізде жалғыз мекендегенін қаламаймын, – деп атап өтті Гүлнара Адамбекова.