"АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің еңбек ұжымдары кеншілер атынан бірқатар сауал қойды. Оның ішінде кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі де бар.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шаралары бірінші орынға шығады.
"Келісім комиссиясы жыл бойы жұмыс істейді. Прогресс бар. Бірақ әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелік мәселелер жеткілікті", - деді өңір басшысы.
"Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев жалақыны көтеру, 13-жалақыны төлеу, еңбек қауіпсіздігін арттыру жөніндегі шараларды толық қамтамасыз ету, кәсіптік сырқаттанушылықтың алдын алу және қызметкерлерді сауықтыру жүйесін жақсарту секілді мәселелерді ортаға салды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ахмади Сарбасов кеншілердің зейнеткерлік жасын төмендетуге қатысты түсініктеме берді. Оның хабарлауынша, бүгінгі таңда халықаралық тәжірибе зерттеліп, бірқатар нұсқа қарастырылып жатыр.
"Оның ішінде арнайы қосымша ақыларды енгізуді талқылап жатырмыз. Мемлекетпен қатар жұмыс беруші де міндеттеме алуы тиіс", - деп атап өтті министрлік өкілі.
Айта кету керек, 3 қараша күні "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Ленин атындағы шахтада апат болып, 5 кенші қаза тапқан болатын.