Қарағанды құю-машина жасау зауыты жаңғыртуды жоспарлап отыр

866

Қарағандыдағы құю-машина жасау зауыты 2021 жылды жақсы көрсеткішпен аяқтағалы отыр. Биыл кәсіпорында жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын 13 мың тоннадан астам өнім шығарылған.

Қарағанды құю-машина жасау зауыты жаңғыртуды жоспарлап отыр

Ал соңғы 3 жылда өндіріс көлемі 30-дан 50 пайызға дейін артыпты. Алайда басшылық мұнымен тоқтап қалмай, зауытта ауықымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. 

"Бұл цехта 80-ге жуық адам еңбек етеді. Токарлар, фрезершілер, темір ұсталарының тобы жұмыс істейді. Жөндеу шеберлерінен құралған қосалқы учаскелер де бар. Біздің қызметте тәртіп бірінші орында, әркім өз міндетін жақсы біледі және бұлжытпай орындайды. Жалақымыз жақсы, ұжымымыз тату. "Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін" деген қағидатты ұстанамыз", дейді Қарағанды құю-машина жасау зауытының 5-разрядты токары Сергей Моргачев.

Моргачевтың сөзінше зауытта жұмысшылар үшін қажетті жағдайлар жасалған. 3 жыл ішінде қызметкерлердің жалақысы 2 есе өсті. Ал жуырда айлық тағы 85 мың теңгеге көтеріледі. 

Соңғы бірнеше жыл ішінде цехтарда 50-ден астам заманауи станоктар, итальяндық роликтер мен жапондық роботтар сатып алынған. Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері 100-ге жуық тұтынушыға тұрақты түрде жеткізіледі.

"3 жыл ішінде біз тапсырыстар қоржынын әртараптандыра алдық. Қазір өнімнің 70%-ын "Қазақмыс" корпорациясына жеткіземіз. Сонымен қатар, мұнай-газ жабдықтарын, теміржол қосалқы бөлшектері мен жинақтауыштарын жасаймыз. Біз Қарағанды және Жезқазғандағы зауыттарымызды жаңғыртуды жалғастырғымыз келеді. Осы мақсатта  өнеркәсіпті дамыту қорымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз", дейді Қарағанды құю-машина жасау зауытының басқарма төрағасы Жәнібек Байғабылов.

Байғабылов атап өткендей, "Қазақмыс" көрсетіп жатқан қолдаудың арқасында өнімнің жаңа түрлерін игеру жалғасуда. Оның үстіне жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Өйткені зауыт басшылығы көп дүниені өзімізде-ақ жасауға болатынын жақсы түсінеді.

Саят Ермек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу