"Maker" ЖШС – Қарағанды құю-машина жасау зауыты өндірісті жаңғырту бойынша ауқымды жобаны қолға алды. Бүгін жұмыстардың басым бөлігі орындалды. Оларды 2017 жылдың шілдесіне қарай аяқтау жоспарланған.
Жобаның құны – 61,5 млн АҚШ доллары. Бұл қаржының 10% – "Қазақмыс" корпорациясының қаржысы, 90% – "БРК лизинг" АҚ.
"Жоба 2014 жылы іске қосылды және 2019 жылға дейін есептелген. Оның міндеті – қолданыстағы машина жасау өндірісін жаңғырту. Жобаны іске асыру зауыттағы номенклатура атауын 5 мыңнан 15 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Өндірістік қуаттылығы 3-4 есеге, жылына 3,5-4 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін ұлғаяды", – дейді "Maker" ЖШС – ҚҚМЗ техникалық директоры Сергей Жабин.
Оның айтуынша, зауыт 80% жаңарады. Жабдықтар еуропалық, америкалық, корей, түрік өндірушілерінен сатып алынады.
"Роботталған кешендер орнатылады, СББ (сандық бағдарламалық басқару) бар станоктардың барлығы. Қазіргі заманғы аналогтар үш-төрт ескі станокты алмастырады. Мысалы, чех компаниясының көлденең өңдеу орталығы. 20-тонналық бөлшекті өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл станок 5 операцияны жүзеге асырады. Оператор кабинада отырады. Осылайша, еңбек қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі", – деп атап өтті Сергей Жабин.
Мұндай жабдықтардың баламасы елімізде ғана емес, бұрынғы кеңестер одағының бірде-бір мемлекетінде жоқ, дейді техникалық директор.
Қазіргі кезде чех компаниясының өкілдері тағы да екі станок орнатып жатыр. Олар тиісті жұмыстарды 8 наурызға дейін аяқтамақ. Содан кейін жергілікті мамандарды оқытады.
"Жобаның жалпы көлемі бойынша бүгінде 70% орындалды. Жаңғыртылатын 98 жабдықтың ішінен 56-сы алынды. 30 бірлігі монтаждалды, оның ішінде 14-і іске қосылды, пайдалануға беру туралы актіге қол қойылды. Персоналды оқыту жұмыстары жүргізілуде және номенклатурасы жасалуда", – деді Сергей Жабин.
Қазақстандық кәсіпорын жаңғыртудан кейін өз өнімдерін Қытай мен Иран нарығына өткізбек. Жобаны іске асырудың нәтижесінде "Қазақмыс" корпорациясы импорт алмастыруды 70%-ға дейін ұлғайтады. Есептеулер бойынша, қазақстандық мазмұн 90% жетеді. 2019 жылға қарай зауыт толық жобалық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, зауытқа білікті жұмыс күші керек. 100-ге жуық адам қабылданады.
"Maker" ЖШС – ҚҚМЗ негізгі қызметі – тау-кен шахта жабдықтарын жасау және жөндеу. Зауыттың технологиялық жұмысының процесі: механикалық өңдеу – жинақтау-дәнекерлеу өндірісі – термиялық өндіріс – ұста-баспақ жабдығы – гальваникалық өндіріс – аспап өндірісі – станок жабдықтарын жөндеу.