Балалар үйінің саны бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң бас сарапшысы Гүлмира Күлсариева мәлім етті, деп хабарлайды sputniknews.kz.
"Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының саны бойынша Қарағанды облысы бірінші орында тұр. Екінші орында — Шығыс Қазақстан облысы, ал үшінші орында — Қостанай облысы. Қарағанды облысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны мыңнан асады", — деді Күлсариева баспасөз мәслихатында.
Сарапшының айтуынша, жетімдер санын азайту бойынша ел көлемінде үлкен жұмыс істеліп жатыр.
"Жергілікті атқарушы органдар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Былтырғы жылы Қарағанды облысында жетімдер үйіндегі тәрбиеленушілер саны екі жүзге азайды. Шығыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдардың жұмысының нәтижесінде былтырғы жылы екі мекеме жабылып, екі мемеке қайта құрылды. Бұл жүйелі жұмыстың көрсеткіші", — деді ол.
Күлсариева атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Бірінші қаңтардан бастап "қабылдаушы отбасы" деген жаңа қамқорлық нысаны енгізілген.
"Балалар үйінен алынған балаға он айлық есептік көрсеткіш көлемінде 22 мың теңге ай сайын жәрдемақы төленеді. Бұдан бөлек, ата-анасына 82 мың теңге көлемінде айлық төленеді", — деді Күлсариева.
Маманның сөзінше, жыл сайын балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 10-11 пайызға азайып келеді. Мәселен, 2015 жылы елімізде жетім балар саны 9 192 болса, өткен жылы 8066 бала, ал қазір 7236 балаға дейін азайған.