Қарағанды облысының делегациясы өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың жетекшілігімен Словакия Республикасына жұмыс сапарымен барып, Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесімен өзара тиімді әріптестікті нығайтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында экономика, кәсіпкерлік және білім беру салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, екі өңір арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге негіз қаланды. Сондай-ақ Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица кәсіпкерлер палаталары арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.
Бизнес-форум аясында инвестициялық мүмкіндіктер мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бағыттары талқыланды. Бұдан бөлек, Матей Бела университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті академиялық алмасу мен бірлескен ғылыми жобалар бойынша келісімге келді.
Делегация өнеркәсіп, энергетика және IT салаларындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жаңа бірлескен жобалар бойынша алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізді. Сонымен қатар тараптар өндірістік инфрақұрылым мен инвестиция тарту бағытындағы тәжірибелерді қарастырды.
– Біз Словакияны Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде бағалаймыз. Қол қойылған келісімдер экономика, білім беру және гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жобалармен жалғасып, жаңа бірлескен бастамалардың негізіне айналатынына сенімдімін, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.