Қарағанды облысы жаңа Конституцияны қолдау ісіне белсене атсалысты. Бұл қоғамның ауқымды өзгерістерге дайын екенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз өткен референдумның нәтижелерімен таныспыз және бұл алдағы уақытта елімізді ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын түсінеміз. Мұндай бағыттағы реформаларға ел бойынша 73 пайыздан астам, ал Қарағанды облысы бойынша 84 пайыз болған жоғары қатысу деңгейі негіз болды. Сондай-ақ жаңа Конституцияға азаматтардың 87 пайызы қолдау білдірді. Бұл көрсеткіштер жаңа Конституцияның әрбір қазақстандық пен қарағандылық үшін маңызды мәселелерді қамтығанын айқын дәлелдеп отыр. Мәселен, түсіндіру жұмыстары барысында жиі көтерілген ТОП-7 тақырыптың қатарында құқық қорғау, әділдік, еңбек қауіпсіздігі мен кепілдіктері, қолжетімді медицина мен білім беру, қоршаған ортаны қорғау, дәстүрлі құндылықтар және балалардың болашағы бар", – деді Қарағанды облысы бойынша аймақтық "Ассамблея жастары" жетекшісі Александр Урмашов.
Қоғам белсендісінің айтуынша, Қарағандыда әділдік ұғымы әрдайым ерекше мәнге ие.
"Бұл – өнеркәсіптік аймақ, мұнда адамдар адал еңбек етіп, мемлекеттен де сондай әділдікті күтеді. Тұрғындарды жұмыс орындарының тұрақтылығы, қала мен аудандардың дамуы, жастардың елден кетпей, болашағын өз елімен байланыстыруы секілді мәселелер толғандырады. Жаңа Конституция биліктің тиімділігін арттырып, оны халыққа жақындататын, бақылау мен жауапкершіліктің нақты тетіктерін қалыптастыратын жүйелік жаңғыруға негіз болады", – деп есептейді ол.
Сарапшы Ата заңның өзектілігі мен тәжірибелік маңызы зор болғандықтан, жұртшылық учаскелерге белсенді барып, саналы түрде таңдау жасағанын айтады. Оның үстіне, бүгінде Қарағанды азаматтық тұрғыдан дамып, белсенді әрі жасампаз өңірге айналып келе жатқаны байқалады. Бұл тұрғындардың ұсынылған құқықтық өзгерістерді ашық талқылап, қолдауынан да көрінген, деді ол.
"Мен және әріптестерім қатысқан жүздеген кездесуде әрбір мәселені терең түсіндіру, нақты деректер мен дәлелдерге сүйенген жауап беру қажеттілігі туындады. Бұл қазіргі сайлаушылардың, әсіресе жастардың басты ерекшелігі деуге негіз бар. Олар нақты деректерге сүйенген айқын түсіндіруді, даму бағыттарының сценарийлерін және қабылданған шешімдердің жергілікті қауым үшін нақты қандай пайда әкелетінін білгісі келеді. Соның нәтижесінде кейде қызу, кейде талапшыл форматта өткен талқылаулар қарағандылықтардың жоғары белсенділігін және құқықтық мәселелерді жақсы меңгергенін айқын көрсетті", – деді Александр Урмашов.
Оның сөзінше, Негізгі заңның қабылдануы ел мен әрбір өңір үшін дамудың жаңа кезеңін ашады.
"Осы тұста жерлестеріме азаматтық белсенділігі үшін алғыс білдіремін. Біз қазір маңызды өзгерістердің алдында тұрмыз. Оған неғұрлым көп адам қатысса, Қазақстанның одан әрі қуатты әрі табысты мемлекетке айналу мүмкіндігі соғұрлым жоғары", – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша аймақтық "Ассамблея жастары" жетекшісі Александр Урмашов.