Өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов аймақтың кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте осындай тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысы 2022 жылы Қарағанды облысын дамытуға 176 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылғанын еске салды. Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау аясында өңірге қосымша 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
"Бұл шығыстар инженерлік инфрақұрылымды және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға және өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталған. Әкімдік сапалы нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен тиімді игерілуін қамтамасыз етуі қажет", – деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Осыған байланысты үстеме бағаларды бақылауды күшейтуді және "айналым схемасын", оңтүстік өңірлер мен таяу шетел фермерлерімен тікелей шарттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттарды қоса алғанда, қолжетімді нарықтық тетіктерді белсенді қолдануды тапсырды.
Премьер-министр өңір экономикасын әртараптандырудың ең өзекті мәселе екенін атап өтті. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 222 млрд теңгеге жуық сомаға 12 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ,874 млрд теңгеден астам сомаға тағы 34 жоба пысықталып жатыр.
"Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, металлургия, энергетика, құрылыс индустриясы және қағаз өнеркәсібі сияқты салаларда іске асырылады. Облыс әкімдігі барлық жобаларды мерзімінде іске қосып, сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етуі қажет", – деді Әлихан Смайылов.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдікке тағы да бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, жолдардың нормативтік жағдайын жақсарту, Жезқазған-Қарағанды автожолының учаскесін реконструкциялау бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарын кезең-кезеңімен бастау, сондай-ақ Қарағанды қаласының тұрғын үй алаптарын жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу жобасын аяқтау бойынша ұсыныстар енгізу керек.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қарағанды өңірінде оқыс оқиғалардың жиілеп кеткенін айтып, тиісті тапсырмалар жүктеді.