2020 жылға қарай Қарағанды облысында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1100 бала тегін спортпен шұғылдана алатын болады. Аймақта 11 жаңа спорт орталығын салу жоспарлануда, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
"Спорт инфрақұрылымын дамыту үшін бүгінде Қарқаралы мен Абайда облыстық бюджет есебінен үш дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар 2019-шы жылы тапсырылады. Шет ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы ауылында ДШСО құрылысы қараша айында аяқталуға тиіс",- деді дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Дмитрий Карпов.
Қарағандыда келесі жылы 50-метрлік бассейн мен Күрес орталығының құрылысы басталады. Теміртауда бюджеттен тыс қаржыға 2019-шы жылы ДШСО салынады, Шахтинск пен Жезқазғанда облыстық бюджет есебінен 2020 жылға қарай жүзу бассейндері бар спорт орталықтары пайда болады.
Спорт басқармасының жетекшісі атап өткендей, барлық нысандар мүмкіндігі шектеулі адамдарда спортпен шұғылдана алатындай етіп жасалады.
Барлығы 2022-ші жылы облыс аудандарында 11 дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары пайдалануға беріледі. Оларда тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1100 бала тегін спортпен шұғылдана алатын болады.
Бүгінге Қарағанды облысында 3000-ға жуық спорт құрылымдары бар. Олардың 1000 астамы ауылдық жерлерде. Өңірде балалар тегін жаттығатын 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 40 спорт мектептері жұмыс жасайды.