Қарағанды облысында 112 млрд теңгенің инвестжобасы іске асырыла бастады

301

Өңірде 401,4 млрд теңге сомасына 36 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Қарағанды облысында 112 млрд теңгенің инвестжобасы іске асырыла бастады Фото: gov.kz

Қарағанды облысы прокуратурасының араласуынан кейін инвестор құны 112 млрд теңгеден асатын жобасын іске асыра бастады, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағанды облысында 401,4 млрд теңге сомасына 36 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Уәкілетті органдар инвесторлармен тиісті түрде жұмыс жүргізбейтіні, олардың заңды құқықтары бұзылатыны анықталды.

Мысалы, инвестор "KyzylArayCopper" ЖШС 700 жұмыс орнын беретін, құны 112,5 млрд теңге болатын "Алмалы-2" тау-кен өңдеу кешенінің құрылысы" жобасын іске асыруда.

Жобаны іске асыру барысында инвестор шаруа қожалықтарымен келісімге келе алмағандықтан, ауыл шаруашылығы жерлері арқылы өтетін электр желілерін салуды ұзақ уақыт бастай алмаған.

Іске асырылып жатқан жобаның маңыздылығына қарамастан, жергілікті атқарушы орган мәселені шешуге ешқандай шара қолданбаған.

Ол аздай, Шет ауданының әкімі "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңның талаптарын бұза отырып, ЖШС-мен ынтымақтастық туралы Меморандум бекіткен және онда инвестор үшін ауыртпалық түсіретін міндеттемелер қарастырған.

Облыс прокуратурасының араласуынан кейін Меморандумның күші жойылды, жер пайдаланушылармен келісімге қол жеткізілді және электр желілерінің құрылысы жалғастырылды.

Инвесторлардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында Фронт – офис құрылды және Қарағанды облысы прокуратурасының мобильді тобы тәулік бойы жұмыс істейді (байланыс телефоны +7 778 099 91 11).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу