Қарағанды облысында прокуратура мен әкімдік "Евразия Инвест LTD" ЖШС-нің инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания 11 жобаға 54 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлаған. Нәтижесінде 345 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев пен облыс әкімі Ерманғанбет Бөлекпаев компания басшылығымен кездесіп, жобаларды іске асыру барысын және инвесторға кедергі келтіріп отырған мәселелерді талқылады.
Бүгінде компания өз қаражаты есебінен жалпы құны 15,9 млрд теңге болатын бес жобаны іске асырған. Олардың қатарында заманауи элеватор, көкөніс қоймасы, 1 200 басқа арналған сүт-тауар фермасы және 1 100 гектар аумақта суару жүйесін енгізу жобалары бар.
Осакаров ауданының Родниковское ауылындағы элеватор бір мезетте 35 мың тонна астық сақтауға қауқарлы. Кәсіпорында астықты қабылдау, тазарту, сақтау және жөнелту процестері автоматтандырылған. Өнім сапасы жеке зертханада бақыланады.
Қазір тағы алты жоба іске асырылу кезеңінде. Оның төртеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Кездесу барысында инвестор нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін көтерді.
Облыс прокуроры инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде туындайтын проблемаларды жедел шешуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған прокурорлық сүйемелдеу тетіктерін түсіндірді.
Прокуратура компанияның жобаларын сүйемелдеуді жалғастырып, инвестор көтерген мәселелердің шешілуін бақылауда ұстайды.