Қарағанды облысында А гепатитіне қарсы 2 мың доза вакцина сатып алынды

1054

Қарағанды облысында А гепатитіне қарсы 2 мың доза вакцина сатып алынды

Қарағанды облысына ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин келіп қайтты. Ол А гепатитін жұқтырған оқушылар оқитын теміртаулық және қарағандылық мектептерді аралап шықты. Санитарлық қызмет басшысы дертті шектеу үшін барлық қажетті шаралар қолданылды ма, жоқ па, соны тексерді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 
Қарағандыда Жандарбек Бекшин қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығында болып, вакциналардың бар-жоғын тексертіп шықты. 
Облыстың қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда "А гепатиті" диагнозы бар 51 адам стационарлық ем алып жатыр. Барлық емделушілердің 70%-ы, яғни 34 адам 6-10 сынып оқушылары, қалғаны – ересектер. 
Қарағанды қаласының №58 ЖББМ-де 17 оқушыда вирустік гепатит анықталды. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, жетінші сынып оқушысы мектептегі достарымен би кешінде жұқтыру көзі болған үйде жасалған сусынмен бөліскен. Одан әрі байланыс факторы қосылған. 
"Енді жағдайды толығымен шектеу үшін вакцинация басталды. Қазіргі таңда облысқа ресейде жасалған 2000 доза вакцина келіп түсті. Апта соңына дейін кесте бойынша тағы 5000 дәрмек келіп түседі. Ал жалпы есептегенде денсаулық сақтау басқармасы 60 мың доза сатып алады. Қажет болған жағдайда, оның санын ұлғайтамыз", - деп мәлімдеді республикамыздың бас санитарлық дәрігері. 
Науқастармен байланыста болған 14 жасқа дейінгі барлық оқушыға екпе жасалады деп жоспарланып отыр. Ал жоғарғы сынып оқушыларына - эпидемиологиялық көрсеткіштеріне қарай жасалады. 
Қарағандыда судың, көкөністер мен жемістердің вирусологиялық зерттеулері жасалды. Қалалық базарда өнімдер тексеріліп, жұмыскерлермен жеке гигиенаны сақтау ережелерін ұстану керектігі туралы түсіндіру жүргізіледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу