Қарағанды облысында 5 қыркүйекте күзгі-қысқы аң аулау маусымы басталды. 30 қарашаға дейін облыстың солтүстік аймағында, ал 15 желтоқсанға дейін аймақтың оңтүстігінде маусым ашық болады, деп хабарлады әкімнің сайты.
Аң аулауға шығу үшін қарағандылықтар келесідей құжаттарды алуы қажет: аңшы куәлігі, атыс қаруын сақтауға және пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісімен келісімшарт және аңшы құстар мен аңшы иттердің төлқұжаты (егер аң аулауға алып шықса).
Пандемияға қарамастан, аң аулауға жолдама алу шарттары өзгеріссіз қалды.
"Аңшылық қоғамдастығы бізде консервативті болғандықтан, біз жолдама алу механизмін өзгеріссіз қалдыруды шештік. Тек қана бетперде болуы керек. Беру пункттерінде барлық санитарлық талаптар да сақталады. Өңірде барлығы 15 мыңға жуық аңшы бар, бірақ олар жолдамаларға үлкен кезек жасамайды. Мысалы, біреудің көшеде өз кезегін күтіп отырғанына шағым жасаған немесе дүрлікпе туындаған жағдайлар болған жоқ", – дейді Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Евгений Протас.
Инспекция қызметкерлері жануарлар әлеміне ұқыпты қарау және аң аулаудың белгіленген ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.
Жолдаманы алуға болатын мекен-жайлардың толық тізімін мына сілтеме бойынша табуға болады: karrin.skom.kz.