Қарағанды облысында биыл 37 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға ел қазынасынан 3,5 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожинге сілтеме жасай отырып.
"Жоспарланған 37 кооперативтің 15-і 1 сәуірге дейін құрылады. Жыл соңына дейін тағы 22 кооператив құруды көздеп отырмыз. Осы мақсатқа 3,5 млрд теңге бөлінген", – деп хабарлады ол дүйсенбі күні облыс басшысының төрағалығымен өткен аппарат жиынында.
Оның мәліметі бойынша, облыстық әкімдік, ауыл шаруашылығы министрлігі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасында қол қойылған үшжақты жоспар шеңберінде аймақта 767 отбасылық бордақылау алаңы, 11 мал соятын және 17 сүт қабылдау орнын ашу көзделген.
"5 сүт таситын көлік, 18 рефрижератор, 2 жемазық даярлайтын қондырғы сатып алу және 9 мал соятын орынды толықтай жабдықтау жоспарда бар" , – деп атап өтті Бекқожин.