Қарағанды облысында мектеп асханасында тамақтану биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап бастауыш сынып оқушыларына тегін болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов көп балалы аналармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап бірінші және екінші сынып оқушылары тегін түскі ас ала алады. 2021 жылы үшінші сынып оқушыларын тегін тамақтандыра бастайды, 2022 жылы оларға төртінші сынып оқушылары қосылады. Отбасының материалдық жағдайына қарамастан барлық балалар тегін тамақ алады. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары бұл туралы өңірдегі көп балалы аналармен кездесу барысында айтты. Ол сондай-ақ оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесіндегі жаңалықтарды түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.
"Мұндай кездесулер сындарлы диалог құру үшін өте маңызды. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы мұны барынша жақсы көрсетеді. Кездесулерде айтылған барлық сұрақтарыңыз бен өтініштеріңізді жергілікті деңгейде шешу мүмкін болмаса, біз оны қорытып, Үкіметке жіберетін боламыз. Мысалы, өткен кездесу кезінде көпбалалы ананың бірі алған тұрғын үй сертификатын оған табыс ретінде есептейтінін және соның салдарынан ол АӘК ала алмайтынын айтты. Біз бұл мәселені министрлікке жібердік, ұсыныстар енгіздік. Министрлік оларды қолдап, көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізу туралы жобаны іске қосты. Жақында бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын", – деді Абзал Нүкенов.
Көпбалалы аналардың мәселелері несиені есептен шығаруға және кіріс есептеу ережелеріне қатысты болды. Сондай-ақ, олар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дәрі-дәрмектерді мемлекеттік әлеуметтік пакетке қосу туралы өтініш білдірді.