Қарағанды облысында боранда адасып кеткен екі малшы көз жұмды

1382

Құтқарушылар құрбан болғандардан бөлек, адасып кеткен  төрт адамды құтқарып қалды.  

Қарағанды облысында боранда адасып кеткен екі малшы көз жұмды

Қарағанды аумағында қолайсыз ауа райына қарамастан үйден шығып кетіп адасып кеткендер саны көбейген. Бір апта бұрын Қостанай облысының Амангелді ауылының Берәлі қыстауынан мал іздеуге шыққан тұрғыны 27 ақпанда Ұлтытау аумағынан табылды.

Ауыл шаруашылық кәсіпорынының бірінде жұмыс жасайтын 50 жастағы азамат 20 ақпанда жылқы іздеуге шығып  адасып кеткен. Іздестіру құтқару жұмыстарына  Қарағанды және Қостанай ТЖД , полиция қызметкерлері,  шопанның туыстары жұмылдырылған. Ақ түтек боран мен сақылдаған сары аяз іздестіру жұмыстарын қиындата түскен. Бір жеті бойы іздестірілген малшыны 27 ақпанда Ұлытау өңірінен тапқан. Қазавиақұтқару экипажы әуеден жазық далада  жалғыз тұрған малшының атын көріп қалған. Адасып кеткен малшы омбы қардан үңгір қазып алып сонда паналапты. Әбден әлсіреген ер адамды құтқару қызметі медициналық мекемеге жеткізген.

Тағы бір жоғалған адам Шет ауданынан табылған. 24 ақпанда Қызылтау ауылының қыстағынан мал жайып шыққан тұрғын боранның салдарынан адасып кетіп  қайта оралмаған. Оны құтқарушылар 27 ақпанда қыстақтан 20 шақырым қашықтықтағы жерден малмен бірге тауып алған.

Ал өкінішке орай, Жезқазған маңындағы іздестіру – құтқару жұмыстары адам мүрдесін табумен аяқталды. 24 ақпанда Кеңгір ауылдық округінің Аралтөбе қыстағының тұрғыны жоғалған. Оның денесі қыстаққа екі шақырым жердегі далалы аймақтан табылды. 24 ақпанда басталған ақ түтек боранның салдарынан аймақта  адасып кеткендер саны күрт көбейген. Осы күні Жангелді ауылының қыстауынан трактормен шығып кеткен әкесі мен ұлы бір тәуліктен соң табылған.

Шет ауданы Ақжал ауылына қарасты қыстаудан жоғалып кеткен ер адамның денесін құтқарушылар  бір тәулік өткен соң тапқан. Осылайша ақпанның соңғы он күндігінде соққан ақтүтек боранның салдарынан екі малшы құрбан болды. Бұл  күндері қолайсыз ауа райында әртүрлі бағыттағы жолдарда қалып қойған 79 адам құтқарылды. Төтенше жағдай қызметі жолға шығар алдында ауа райы жөнінде таратылған ақпаратқа мән беруге шақырады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу