Көктемгі егіс науқанына дайындық барысы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
"2021 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егістігі 1057,7 мың га құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 940 мың га алаңда, яғни 2020 жылғы деңгейден 22,6 мың га артық, майлы дақылдар - 34,5 мың га (+10,1 мың га), жемшөп дақылдары - 70,6 мың га (+6,9 мың га) орналастырылатын болады", - деп хабарлады Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.
Баяндамашының айтуынша, 11 мың гектарға картоп, 1,8 мың гектарға көкөніс отырғызу жоспарланған.
Жиналыста мәлімделгендей, көктемгі егіске қажетті сапалы тұқым жеткілікті түрде дайындалды. Минералды тыңайтқыштарды пайдалану ұлғайтылады. Зиянкестер және арамшөптермен күресуге қаражат бөлінді.
Биылғы жылы суармалы жерлердің көлемін 1308 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, бұл көрсеткіш жалпы ауданның 24,6%-ын құрайды деп күтілуде.
Егіс науқанына 9 500-ден астам трактор, 229 егіс кешені және 5 556 тұқым сепкіш жұмылдырылады. Өңірдің ауыл шаруашылық кәсіпорындары техниканы жаңартуда. Жыл басынан бері жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 57 трактор, 12 топырақ өңдеу агрегаты және 13 егіс кешені сатып алынды.
Аграршылар 19 мың тонна арзандатылған дизель отынын алады.
Ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға биыл 2,7 млрд теңге қарастырылған.
Қарағанды ауылшаруашылық тәжірибе станциясының мамандары Орталық Қазақстан жағдайында егудің оңтайлы мерзімдерін белгіледі. Ұсынымдар бойынша жұмыстарды аумақтық аймақтарға байланысты 10 мамырдан 28 мамырға дейін жүргізу жоспарлануда.