Қарағанды облысында "Сарыарқа" арнайы экономикалық аумағында автоқалдықтарды өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы аймақтағы инвестиция тарту және инвестициялық климатты жақсарту кеңесінің отырысында мәлім болды. Кездесу барысында инвестициялық жобаларды іске асыру туралы екі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Олардың жалпы сомасы – 9 млрд теңгеге жуық. Екі жоба да "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағында іске асырылады. Бірінші жоба – "Сталь Трейд" ЖШС орта көлемді құбырлар шығару зауытының құрылысы. Екіншісі – болат өндіру зауытының құрылысы, "Recycling Company" ЖШС автоқалдықтардан алюминий және түсті металлдың балқымасын шығаруды іске қосу", – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Автоқалдықтарды өндіру зауытының құрылысына компания наурыз айында кіріспек.
"Жер телімін ала салысымен бастаймыз. Осы бағытта қазір әкімдікпен жұмыс істеудеміз. Бір комиссия қалды. Алдағы уақытта құрылысты бастаймыз деп үміттенемін. Наурыз айының басынан белсене кірісеміз", – деді "Recycling Company" ЖШС бас директоры Александр Рябинин журналистерге берген сұхбатында.
Жоба туралы толық ақпаратты "Сарыарқа" АЭА төрағасының уақытша міндетін атқарушы Шыңғыс Сыдықов мәлімдеді.
"Өздеріңізге белгілі, ескі автөкөліктерді кәдеге жарату туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қазіргі уақытта елдің 16 облысында пайдаланылып істен шыққан көлік қалдықтары жиналуда. Олар брикеттелген түрде Қарағанды облысына жеткізілмек. "Сарыарқа" АЭА аумағында қалдықтар қайта өңделіп, болат, алюминий, түсті металдар балқымасынан жаңа бұйымдар жасалады", – деді ол.
Жобаның құны – 3,4 млрд теңге. Кәсіпорында 70 жұмыс орны ашылады.
"Бұл толықтай қазақстандық компания. Бүгінде өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Мекеме әлі АЭА қатысушысы емес, қазір келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр", – деп түйіндеді Шыңғыс Сыдықов.
Екінші жобаның құны – 5,5 млрд теңге. Оған павлодарлық кәсіпкерлер қытайлық серіктестерімен бірге қатысады. Құбыр шығаратын зауытты 2017 жылы іске қосу жоспарланған.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2016 жылдың қарашасында ескі автокөліктерді кәдеге жарату пилоттық бағдарламасы қолға алынды. Еліміздегі автоқалдықтарды қайта өңдеуге арналған алғашқы зауытты Қарағанды облысында ашу туралы шешім қабылданды.