Қарағанды облысының көмір өндіретін кен орындарында кезектің түзілгеніне жарты айдан асқан. Мұнда көмір алуға келген жүк көліктері үш-төрт күн бойы қаңтарылып тұрады, деп хабарлайды abctv.kz.
Нұра ауданының тұрғыны Мұрат Жұмашев ауылына көмір тасу үшін Шұбаркөлде үш күн бойы көлігінде түнеп, кен орнын торуылдағанын айтады.
"Иек астындағы көмірді ала алмаймыз. Алдымда 70 көлік кезекте тұрды. Үшінші күні кешкісін бір қорап көмірді әзер алдым" , – дейді Мұрат Жұмашев.
Облыс басшылығы көмір өндірушілермен келістік, енді Шұбаркөл көмір кен орны екі ауысыммен көмір аламын деушілерге отынды беріп отырады деп сендіреді.
"Біз бірінші кезекте теміржол арқылы коммуналдық-тұрмыстық нысандарға көмір жөнелтеміз. Содан соң міндетті түрде келісім шарт жасасқан кәсіпорындардың тапсырысын орындаймыз. Экспортқа жөнелту көлемі артып жатыр деп айта алмаймын, оның мөлшері бұрынғы мөлшерден асқан жоқ", – дейді "Шұбаркөл көмір" АҚ бірінші вице президенті Андрей Сафонов.