Қарағанды облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын 65 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ішінде 14 млрд теңгеден астам қаржыға денсаулық сақтау саласында 55 жоба іске асырылған. Жаңа фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріліп, бірқатар медициналық мекеменің жабдықтары жаңартылды.
Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға шамамен 6 млрд теңге бағытталды. Осы қаражатқа 10 нысанның құрылысы аяқталып, Теміртау мен Қарағанды қалалары, сондай-ақ Абай, Шет, Қарқаралы және Осакаров аудандарының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылды.
Қарағанды облысының прокуратурасы жобалардың уақытылы аяқталуын, жұмыстың сапасы мен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауда ұстап отыр.