Қарағанды облысында биылғы жылы жылу желілерін және құрылғыларды жаңғыртуға 43 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Ол жайлы энергетика және ТКШ басқармасының жетекшісі Ұлантай Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Қазірдің өзінде кейбір жылу станциялары келесі жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Мысалы, Шаxтинск ЖЭО-да жаңғырту жобасы жасалған. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберіліпті.
"Қазіргі таңда Қарағанды қаласының ЖЭО-3, Топар МАЭС-2, Теміртау қаласының ЖЭО-2 және МАЭС-1, Жезқазған ЖЭО жұмысқа кірісті. Сонымен қатар Топар МАЭС-2 биылғы жылдың маусым айында жаңа қазандық пен турбинаны іске қосады", – делінген хабарламада.
ЖЭО-2-де Теміртау қаласындағы жылу қуаты тапшылығын жоюға септігін тигізетін №7 қазандықты жобалау, орнату және жеткізу бойынша жұмыстар басталды.
Ұлантай Үсеновтың сөзінше, биыл Шаxан кентінде орталық қазандық құрылысы басталады. Бұл мақсатқа бюджеттен 234 млн теңге бөлінген. Тағы 330 млн теңге республикалық бюджет бекітілген соң бөлінбек. Құрылыс жұмыстары осы жылдың екінші тоқсанында басталып, 2020-2021 жылыту маусымына қарай аяқталуға тиіс.