Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Проактивті саясаттың мысалдары ретінде нақты екі кейсті келтіруге болады. Көмір химиясы саласында елімізде шикізат қоры мол. Көмір химиясындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымды тауарларды өндіруге мүмкіндік береді. Әлеуетті жобалардың бірі – Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін, құны шамамен 2 млрд доллар құрайтын көмірден газ өндіру зауыты", – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, бұл сегментте капиталды қажет ететін көптеген экспорттық жобаларды жүзеге асыруға болады.
"Қайта өндеу мен әртараптандыруға елеулі серпін беруге инвестициялар көлемінің өсімін көрсетудегі тағы бір мысал – Qarmet кейсі. Компания алдағы үш жыл ішінде шамамен 3,5 млрд долларға жобаларды іске асырады. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде көмір өндіру көлемі 1,4 есеге, темір кені өндірісі 1,8 есеге ұлғая отырып, концентраттар өндірісі 1,7 есеге артып, сұрыптық илемдеу шығару көлемі 2,3 есеге өседі, сондай-ақ қуаты 4 млн тонна болатын жаңа құйма-илек кешені іске қосылады", – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Айта кету керек, бұған дейін былтыр ел экономикасы тұрақты өсім көрсеткенін жазғанбыз.