Қарағанды облысында ландшафт дизайнерлерін оқытуға арналған құзыреттілік орталығы пайда болды

457

Ландшафт дизайнері – Қазақстандағы жаңа мамандықтардың бірі. 

Қарағанды облысында ландшафт дизайнерлерін оқытуға арналған құзыреттілік орталығы пайда болды Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында бұл мамандық екі колледжде – Абай ауданында және Қарағандыда оқытылады.

Маусым айының басында Абай көпсалалы колледжінде мамандандырылған құзыреттілік орталығы ашылды.

Студенттер жаңа шеберханада тәжірибеден өте алады – ландшафтық композициялар туралы идеяларын жүзеге асырып, әртүрлі материалдардан бақша жолдарын төсейді, саябақтар мен гүлзарларды безендіру жобаларын дайындайды.

– Студенттерді "ландшафт дизайны" мамандығы бойынша оқытуды біз өткен жылдан бастадық. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бірінші топқа 15 адам тартылды. Биыл да сонша студент қабылдауды жоспарлап отырмыз, – дейді Абай көпсалалы колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Ләззат Дәуілбекова. – Құзыреттер орталығында студенттер практикалық дағдыларын пысықтайды, өздерінің шығармашылық идеяларын іске асырады. Полигон – бұл қатып қалған алаң емес, барлығын өз идеяңызға сай түрлендіре аласыз. Орталық базасында студенттер WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша кәсіби шеберлік конкурстарына дайындалатын болады.

Сонымен қатар, оқытушылар да біліктілігін жетілдіре алады.

– Біз 9 маусымда колледжіміздің 60 жылдығын атап өттік. Жаңа құзыреттілік орталығының ашылуы осы мерейтойымызға орайластырылды. Жалпы, соңғы жылдары бізде айтарлықтай өзгерістер болды. 2020 жылдан бастап біздің колледж "Жас маман" республикалық жобасына енді. Материалдық-техникалық база жаңғыртылды, заманауи техникамен және жабдықтармен жабдықталған жаңа кабинеттер мен зертханалар ашылды, – деп атап өтті директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айман Абзал.

Орталықта агрономия зертханасы,"Цифрлық егіншілік" ІТ-сыныбы, ветеринарлық зерттеулер жүргізуге арналған кабинет және тағы басқалар бар.

Колледж аумағында алма бағы өседі. Ал жылыжайда қияр өсіріп, өнім жинайды. Көкөністердің жанында жүзім піседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу