Қарағанды облысында "Спасск" полигонында 27 маусымда "Сары-Арқа – Антитеррор – 2019" Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуының соңғы кезеңі өтті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан қатысты.
Оқу-жаттығу кезінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін халықаралық террористік ұйымға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар пысықталды.
Сценарий бойынша террористер елдімекенде жарылғыш құрылғы жасырып, әскери қызметкерлер тұрғындарды эвакуациялап, бомбаны залалсыздандырды.
Лаңкестер оқу-жаттығуларға қатысқан автобусты басып алды. Алайда, қылмыскерлердің бір бөлігі қашып, әкімшілік ғимаратқа көшті. Онда олар 15 адамды кепілге алды. Әскери қызметкерлер аумақты қоршап, азаматтық тұлғаларды босатты және террористерді ұстады.
"Операция сәтті өтті. Менің ойымша, барлық бөлімшелер үйлесімді, сауатты әрекет етті. ШЫҰ-ның әрбір елі өздерінің күш-қуат бөлімшелерінің өсуіне, жабдықталуына үлкен көңіл бөледі. Нәтиже ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық оң нәтижелерге алып келетінін көрсетеді", – деді Ресей ФҚҚ басшысының бірінші орынбасары Сергей Смирнов.
Жаттығу кезіндегі жағдай барынша шынайы болды. Алынған тәжірибе ШЫҰ кеңістігіндегі қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен қауіпсіздік қатерлері жағдайында нақты жедел міндеттерді шешу кезінде ынтымақтастықты айтарлықтай тереңдетуге ықпал етті.