Қарағанды облысында лицензиясыз қызмет атқарған мектеп жабылды

177

Жеке серіктестік 2025 жылы 13 мамырда "жалпы орта білім беру" қызмет түрімен тіркелген.      

Қарағанды облысында лицензиясыз қызмет атқарған мектеп жабылды Фото: gov.kz

Ал, 2 қыркүйектен мектеп оқу процесін бастап, тиісті лицензиясыз жұмысын жалғастырған, деп жазады inbusiness.kz cайты.

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты уәкілетті органның лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асырған жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату туралы талап арызды қарады.

Соттың мәліметінше, бұған дейін компания әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-бөлігі бойынша лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Айыппұл толық көлемде төленген.

Алайда ЖШС өкілдері талап қоюды мойындамады. Олардың айтуынша, ұйым 280 орындық мамандандырылған мектеп жобасын іске асыру үшін құрылған. Ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынған.

Қазіргі уақытта мектепте 166 оқушы білім алуда, оның ішінде көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар бар. Штатта 35 қызметкер жұмыс істейді.

"Лицензия алу үшін қажетті құжаттар пакеті "90 пайыздан астам" дайын болған, ал 2026 жылғы 3 ақпанда берілген өтініш (қарау мерзімі – 30 жұмыс күні) қаралу үстінде", – деп мәлімдеді ЖШС өкілдері.

Сондай-ақ олар ата-аналар тарапынан ешқандай шағым түспегенін және білім сапасы төмендемегенін алға тартты. Ал, сот уәкілетті орган бұған дейін ЖШС-ға лицензия беруден 2 рет бас тартқанын анықтады.

Сот лицензия ұйымның балаларды оқытуға құқығын растайтынын, мемлекеттік білім беру стандарттарының сақталуын, білікті педагогтардың, оқу әдебиеттерінің және қауіпсіз инфрақұрылымның болуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

"Білім туралы" заңның 40-бабы 2-1-тармағын басшылыққа ала отырып, сот заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюды қанағаттандырды.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу