Қарағанды облысында өрт шыққан тұрғын үйде алты адам қайтыс болды

1007

Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.  

Қарағанды облысында өрт шыққан тұрғын үйде алты адам қайтыс болды Фото: Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Қарағанды облысындағы Ақтау кентінде бес қабатты тұрғын үйде тілсіз жау тұтанған, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

Өрт сөндірушілерге 16 желтоқсанда сағат түнгі  01:51-де Теміртау қаласының, Ақтау кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жетеді. Алайда, құтқарушылар келгенше өрттен шыға алмаған  алты адам подъезде түтінге тұншығып қаза болған.

"Өрт 1 қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақтан шыққан. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері  келгенше, сол маңдағы  тұрғындар 5 адамның мәйітін (2007, 2010 ж.т. ұлдар, 1983, 1991 ж.т. әйелдер, 1991 ж.т. ерлер) кіреберістен көшеге алып шыққан. Құрбан болғандар жоғары қабаттағы пәтер тұрғындары өрт шыққан соң өз беттерімен подьезд арқылы далаға шықпақ болған. Алайда 1 қабаттан шыққан қою түтінге уланып сол мезетте құлап қалған. Өрт сөндіру бөлімшелері пәтердегі өртті сөндіру барысында алтыншы марқұмның (1977 ж.т. ер адам) денесі тапқан. Үш адамның әртүрлі дене жарақаттарын алғаны анықталды", - делінген ТЖД таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Қабылданған шаралармен өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілді. Бүгінде өрттің шығу себептері анықталуда. Өрттің шығуына себеп болған жағдайларды зерделеу үшін оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов келді.

Оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеуде. Өрт фактісі бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Өрт кезінде түтін басқан дәліздер немесе баспалдақтар арқылы эвакуациялауға әрекет жасау қауіпті екенін еске саламыз. Төтенше жағдайда түтін басқан бөлмелерден өту кезінде тыныс алу жолдарын дымқыл шүберекпен жабу керек. Егер өрт пәтерден тыс жерде болса, ең сенімді нұсқа - өрт сөндірушілер келгенге дейін оны тастамай ұстау. Мұны істеу үшін алдыңғы есіктегі жарықшақтарды дымқыл шүберекпен жабыңыз немесе есікке дымқыл көрпені іліп қойыңыз. Бұл шаралар түтіннен аулақ болуға көмектеседі. Баспалдақта ашық жану болмаса да, түтіннің концентрациясы салдарынан далаға  шығуға мүмкіндік болмай қалады", - деп хабарлайды Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу