Қарағанды облысында табиғи және дала өрттерін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарындағы үш табиғи және үш дала өрті бақылауда. Барлық ошақ оқшауланған.
Шет ауылдық округінің Үңірек ауылы маңындағы өртті сөндіруге ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" тікұшағы жұмылдырылды. Әуе кемесімен төрт рет су тасталып, өрт аумағына жалпы 12 тонна су төгілді.
Өртті сөндіру жұмыстары жер бедерінің таулы-қыратты әрі күрделі болуына байланысты қиындаған. Қазір жекелеген аумақтарды сулау және бықсып жатқан ошақтарды толық сөндіру жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнында ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының қызметкерлері, сондай-ақ С. Сейфуллин және Красная Поляна ауылдарының әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр. Барлығы 120-ға жуық адам мен 30-дан астам техника жұмылдырылған.
Құтқарушылардың мәліметінше, елді мекендерге қауіп жоқ. Өртті толық сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.