Қарағанды облысында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарға 842 мың теңге айыппұл салынды, деп жазады inbusiness.kz eKaraganda порталына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейдтік топтар құрылып, 86 іс-шара өткізілген.
Профилактикалық іс-шараның бірінші күнінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 13 фактісі анықталды. Аталмыш деректерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 196-бабы бойынша ("Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау") әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жалпы сомасы 842 мың теңгеге айыппұл салынып, 214 дана пиротехникалық бұйымдар тәркіленді.
Мысалы, Қарағандыдағы базарлардың бірінде пиротехникалық бұйымдарды құжаттарсыз сатқан екі тұлға анықталды. Олардың біреуінен 27 дана, ал екіншісінен 17 дана тыйым салынған тауар тәркіленді.
Теміртаудағы базарда пиротехникалық құралдарды заңсыз саудалаған 41 жастағы қала тұрғынынан 11 дана тауар тәркіленді.
Ал, Балқаш қаласының 21 жасар тұрғыны пиротехникалық тауарларды интернет арқылы сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп сақшылары құқық бұзушыны 8 дана заңсыз өнімді сатып алушыға тапсырған кезде анықтады.