Қарағанды облысында полицейлер ақ түтек боранда мыңдаған адамды құтқарды

93

Өңірде екі тәулік бойы толассыз соққан боран республикалық маңызы бар автожолдардағы жағдайды қиындатты.    

Қарағанды облысында полицейлер ақ түтек боранда мыңдаған адамды құтқарды Фото: polisia.kz

Қалың қар, үдей соққан жел мен шектелген көріну жағдайында жолда жүру қаупін арттырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сын сәтте Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіріліп, жолдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Ең күрделі жағдай Қарағанды – Астана бағытындағы тасжолда болды. Қарлы боранда ондаған көлік жолда қалып, жолаушылар көмекке мұқтаж болды. Осындай кезде полицейлер адамдарға дер кезінде жетіп, оларға бағыт-бағдар беріп, қауіпсіз аймақтарға шығуына көмектесті.

11 наурыз күні боран сәл саябырлап, күн ашылған сәтте патрульдік полиция батальоны жолдағы көліктерді ұйымдасқан түрде ілеспе алып жүру жұмыстарын бастады. Нәтижесінде Қарағандыдан Астана бағытына қарай 600-ге жуық автокөлік, ал Астанадан Қарағандыға қарай 3000-нан астам көлік қауіпсіз жеткізілді. Көліктерді ілеспе алып жүру жұмыстарын Қарағанды облысы патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов тікелей өзі басқарып, барлық күш пен техниканы үйлестірді. Қауіпсіздікті сақтау үшін колоннаның қозғалыс жылдамдығы сағатына шамамен 30 шақырым деңгейінде ұсталды.

Полицейлердің айтуынша, бұл – қолайсыз ауа райы кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ең тиімді шаралардың бірі.

Тәртіп сақшылары тек колонна ілеспесімен шектелген жоқ. Жол жабылғанға дейін жолға шығып кеткен және қар құрсауында қалған көліктерді қардан шығарып, кейбірінің техникалық ақауын жөндеуге де көмектесті. 

Қазіргі уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды – Астана автожолы әлі де жабық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу