Жаңа өрт сөндіру бекеттері Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылы мен Сарышаған кентінде, Қарқаралы ауданының Айнабұлақ ауылында, Шет ауданының Аққой ауылында орналасады. Бүгінгі таңда облыста осындай 45 бекет бар. Олардың басты міндеті – табиғи өртке жедел ден қою.
– Табиғи өртке ден қою үшін ТЖ Департаментінде штаб және 200-ден астам адамнан тұратын 62 мобильдік топ құрылды, – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов. – Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері жалпы есептегенде 350 алдын алу шаралары жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар кезінде саяжай учаскелерінде құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 9 фактісі анықталды. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, облыста табиғи өртпен күресу үшін 252 ерікті құралым жасақталды. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев еріктілердің және өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық жарақтандыруын жақсартуды тапсырды.
– Табиғи өрттің алдын алу және салдарын азайту үшін барлық қалалар мен аудандардың, орман шаруашылығы мекемелерінің, ұлттық саябақтардың және басқа да жауапты органдардың барлық табиғи өрттер мен жану жағдайларына жедел ден қоюды қамтамасыз ету, өрттің алдын алу мәселелерінде жан-жақты өзара іс-қимыл жасау, өрт техникасы мен жабдықтарын сатып алуды жеделдету қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, табиғи өртпен күресу үшін Қарағанды облысының ТЖ департаменті бес мультифункционалды өрт-құтқару автокөлігін, автотехникаға арналған бес ангар, бір автоцистерна және бір жедел-құтқару автокөлігін сатып алуды жоспарлап отыр.